«Qarmet» және кәсіподақтар: негізгі уағдаластыққа қол жеткізілді

Құрметті әріптестер!

«Qarmet» АҚ, сондай-ақ «Қорғау» және «Жақтау» кәсіподақтары сіздерді материалдық қолдау, еңбекақыны индексациялау және әлеуметтік кепілдіктерді сақтау жөніндегі ресми құжаттарда бекітілген бірлескен келісімдер туралы ресми түрде хабарлайды. Бұл шешімдер еңбек ұжымдарын қолдауға және әлеуметтік міндеттемелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

1. Еңбекақыны индексациялау

Еңбекақыны индексациялау туралы Ережеге сәйкес, 1 қаңтардан бастап сағаттық тарифтік мөлшерлемелер мен айлық жалақы жыл сайын 4,5% мөлшерінде белгіленген көрсеткіш бойынша индексацияланады.

2.Бір жолғы материалдық көмек

Келісімдерге сәйкес, 2025 жылы кәсіпорынның Болат және Көмір департаменттерінің, сондай-ақ «Құрылысмет» ЖШС және «Qarmet Service» ЖШС қызметкерлеріне (кәсіподақ мүшелеріне) 2025 жылдың желтоқсан айында бір жолғы материалдық көмек төленеді.

3. Әлеуметтік міндеттемелер мен кепілдіктер

Тараптар әлеуметтік сипаттағы барлық міндеттемелердің сақталатынын растайды. Ұжымдық шартпен және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктер толық көлемде орындалады және одан әрі де орындалатын болады.

4. Әлеуметтік бағдарламалар

«Шахтёр» және «Жартас» демалыс үйлері мен шипажайларын жаңғыртуды қоса алғанда, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру жалғасуда. Еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған «Гигиена» бағдарламасын іске асыру да жалғасын табады.

5. Тұрақтылық пен даму үшін бірлескен жұмыс

Жасалған келісімдер тараптардың жұмыс орындарын сақтау, еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша бірлескен әрі конструктивті күш-жігерге бейімділігін көрсетеді. «Qarmet» АҚ өндірістік қуаттарды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруда. Бағдарлама өнім өндіру көлемін арттыруға, технологияларды жаңартуға, қауіпсіз жұмыс процестерін құруға бағытталған.

Ғаламдық сын-тегеуріндер мен бірқатар елдердегі өндірістердің қысқаруы жағдайында біздің негізгі міндетіміз — кәсіпорынның тұрақтылығын қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау.

Тараптар еңбек ұжымдарының мүддесі үшін әрекет етіп, әрбір қызметкердің тұрақтылығын, қолдауын және қорғалуын қамтамасыз етеді.

Біз жоспарланған өндірістік міндеттер тек бірлескен күш-жігермен ғана жүзеге асатынына сенімдіміз.